Некелесуге асығу Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ананың «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз екендігі киелі Құран аяттарында баяндалады.. وَأَنكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ «Араларыңдағы бойдақ (ер жеткен ұл-қыздарды) үйлендіріңдер! Егер олар пақыр кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла Тағала аса кеңшілік иесі, толық білуші».4 Ал маңызды бір себебі болмаса да неке қиып, отбасын құрудан қашқан адам халық арасында адамгершіліктен қашқан адам саналса, шариғатта маңызды сүннетті тәрк еткені үшін жазғырылады. Себебі адам баласы, өз адамгершілік қасиеттерін, абыройын, намысын және өз жаны мен тәнін күнәға бой алдырудан үйлену арқылы ғана берік қорғай алады. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп өсиет етеді: «Неке менің сүннетім. Кім менің сүнеттімнен бас тартса, ол менен емес, (яғни менің үмбетім емес)». Үйленіңдер. Расында мен, үмбетімнің көптігін мақтан етемін».5 Осыған ұқсас сөздермен аяқталатын мына хадисте үйленуді кейінге ысырып жүргендер үшін ой саларлық мағына бар: جاء ثلاث رهط إلى بيوت أزواج النبي صلى الله عليه وسلم، يسألون عن عبادة النبي صلى الله عليه وسلم، فلما أخبروا كأنهم تقالوها، فقالوا: أين نحن من النبي صلى الله عليه وسلم؟ قد غفر الله له ما تقدم من ذنبه وما تأخر، قال أحدهم: أما أنا فإني أصلي الليل أبدا، وقال آخر: أنا أصوم الدهر ولا أفطر، وقال آخر: أنا أعتزل النساء فلا أتزوج أبدا، فجاء رسول الله صلى الله عليه وسلم فقال: (أنتم الذين قلتم كذا وكذا؟ أما والله أتي لأخشاكم لله وأتقاكم له، لكني أصوم وأفطر، وأصلي وأرقد، وأتزوج النساء، فمن رغب عن سنتي فليس مني. Бірде үш адам Алла Елшісінің (ﷺ) үйлеріне келіп оның құлшылықтары жайлы сұрастырады. Оларға Пайғамбардың құлшылықтары жайлы айтылған кезде олар оны азсынғандай болады. Сосын былай дейді: «Алланың елшісімен біз тең бе? Оның өткен және алдағы барлық күнәлары кешірілген». Сөйтіп біреуі барлық түндерін намазбен өткізуге, екіншісі үзбей ораза тұтуға ал үшіншісі үйленбеуге бел буады. Алланың елшісінің (ﷺ) құлағына бұл хабар тиген кезде оларды шақырып алып былай дейді: «Аллаға ант етейін, араларыңдағы Алладан ең қатты қорқатын менмін. Бірақ мен де кейде ораза тұтып, кейде тұтпаймын, намаз да оқып, аяқ созып та демаламын және үйленемін. Менің сүннетімнен бас тартушылар менен (үмбетімнен) емес».6 Расында неке қасиетті ұғым. Халқымыз оны қашан да «Ақ неке» деп ардақтаған. Қосылған бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық некесіз деп сөгіп, олардың балалары «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Сондықтан да некеден қашу қасірет, ал некесіз тұру халқымыздың ғұрпында да, ғұрпымыздың қайнар көзіндей болған Ислам шариғатында да барып тұрған үлкен күнә әрі қылмыс екендігін хадистерден аңғару қиын емес.